пятница, 30 октября 2015 г.

Сәлем, қолөнерін сүйер достар!

«HobbyWorld» маған бұдан 1 жылдай бұрын өз блогына әсемхат жасау туралы қазақша мақала жаза аласың ба деген өтініш білдірген болатын. Содан арада қаншама айлар өткізіп, міне, бүгін мен сол уәделі мақаланы жазып отырмын.
Менің әсемхат жасау өнерімен айналысып жүргеніме бірнеше ж ыл болды. Мен үнемі осы өнерді жетілдіру мақсатында көп ізденемін, оны жасаудың, жақсартудың, дамытудың әр қилы техникалары мен жолдарын үйренудемін. Осы жылдар ішінде әсемхат жасау дағдым әбден шыңдалды десем де болады. Дегенмен, мен осы жетістіктеріммен тоқтамаймын, өйткені шығармашыл адам үшін маңызды нәрсе жетістік емес, жаңа белесті бағындыру!
Ал енді негізгі іске көшейін, бүгінгі әсемхатты жасау үшін бізге мынадай заттар мен құралдар қажет болады: өлшемі 17х10 см. негіз қағаз, екі жағы жабысқақ скотч, дизайнер парағы, мөртаңба және сия, стразалар, лента, қайшы, қағаздан қырқылған шырмауық өрнек, жуалдыз, түйме мен жіп, және әсемхаттың басты деталі болып табылатын фетрден қырқылған гүл. Егер барлық қажетті заттарымыз дайын болса, онда іске кірісейік!
1-Қадам: Негіз қағазды 17х10 өлшеммен қырқып аламыз. Сосын дизайнер парағын 7х10 см. өлшеп қырқып аламыз да, оны негіз парақтың оң жақ шетіне екі жағы жабысқақ скотчпен жапсырамыз.
2-Қадам: Лентаны екі жағы жабысқақ скотчтың көмегімен жапсырамыз да, оның үстінен шырмауық өрнекті жайғастырамыз. 
3-Қадам: Ал енді, әсемхаттың басты әшекейі – фетрден қырқылған гүлді жуалдызбен тесіп, оның бетіне түймені қадаймыз да, гүлді екі жағы жабысқақ көбіршік скотчпен лентаның қақ ортасына орналастырамыз.
4-Қадам: Келесі, тілексөздің мөртаңбасын басамыз, менің қолданатын тілексөзім «hello, my friend/сәлем, досым» деген керемет сөз. Яғни, бұл әсемхат достарымызға не құрбыларымызға сыйлауға мақсатталған. 
5-Қадам: Маңызды қадам - өз қолыңызбен жасаған туындыға тамсана қараңыз да, оның қандай жақсы екенін айтыңыз! Енді осыншама уақытыңызды бөліп, жаныңызды салып өз қолыңызбен жасаған туындының ішіне досыңызға/құрбыңызға арналған ізгі тілексөздеріңізді жазыңыз.
Осы әсемхат сыйланған адам қандай бақытты десеңші! Өйткені оны бақытты ететін сіздің қол еңбегіңіз бен ол кісіге деген сүйіспеншілігіңіз!
«HobbyWorld» блогына маған өз өнеріммен бөлісуге берген осындай керемет мүмкіндік үшін ерекше алғысымды білдіре отырып, үлкен табыстарға жетуді тілеймін! Лайым осы блог арқылы қолөнерін сүйер қауымның қатары молая түссін!

Ал Сізге, Қолөнерші, шығармашылық табыс пен шабытқа бөленіп керемет туындыларды жасауды тілеймін!


Егер сіз осы онлайн сабақта қолданылған қандай-да бір материалды сатып алуды қаласаңыз менімен тікелей байланыссаңыз болады.



          Байланыс деректері: 

 +7775 71 08 555
 +7747 71 08 555
 
 www.vk.com/eshuacards / www.vk.com/levitstudio          
                         
 www.instagram.com/eshuacards / www.instagram.com/levitstudio